Тіл үйреніп бастаған адам оны не үшін оқып жатқандығын білетін болса, оқу процессінде сол нәрсе оған мотивация беріп отыратын болады. Ешкім де үлкен нәтижеге бірден жете алмайды. Арабтарда: “Тау басындағы адам ол жерге аспаннан құлаған жоқ”,-деген жақсы мақал бар. Яғни, сол таудың басына жету үшін қажырлы еңбек еткен, өз жолынан таймаған адамның мысалын келтірген.
Біз сіздер үшін осы жазбамызда тіл үйренудің артықшылықтарын өз тәжірбиемізге сүйене отырып жазып шықтық. “Осы бір тілді үйреніп алу керек еді” деген оймен жылдарыңызды және де ең қорқыныштысы – жастық шағыңызды өткізіп алсаңыз, әлі де кеш емес екенін еске саламыз. Бәлкім, осы бір жазбамыз арқылы мақсатыңызды айқындап алуға көмектесерміз.
Ендеше бастайық:
1
ӨЗГЕ ҚАБІЛЕТТЕРДІ ИГЕРУ ЖЫЛДАМДЫҒЫН АРТТЫРАДЫ
Жаңа тіл оқып бастаған кезіңізде сіздің когнитивті қабілеттеріңіз арта бастайды. Когнитивті қабілет – бір сөзбен адамның психикалық жағдайының көрсеткіші, адам миының жоғары дәрежедегі функциясы. Оған: ойлау, кеңістіктегі ориентация, түсіну, есептеу, сөйлеу, саралау қабілеттері жатады. Когнитивті қабілеттің төмендігінің бір көрсеткіші – ұмытшақтық, жадтың, зейіннің төмен болуы (Жад, зейін туралы біздің Telegram арнамыздағы жазбаны да оқыңыз). Ал енді жаңа тіл игеру барысында сөздер жаттайсыз, сол арқылы өзіңіздің миыңызды (жадыңызды) жаттықтырасыз. Бір тілді игерген адам өзге тілдің интуитивті дәрежеде құрылымын, фонетикасын түсіне бастайды. Мен өзім университет қабырғасында парсы тілін оқып бастаған кезде, араб тілін білгендіктен жақсы прогресс жасай алдым. 2 жылдан кейін Иран радиосында парсы тілінде сұхбат беремін деп те ойламаған болатынмын.
2
МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІҢІЗДІ АРТТЫРАДЫ
Соңғы уақытта математикадан есептер қарап, тәсілдер үйреніп, өзім шығаруға шынығып жүрмін. Мектеп бітірген соң ол ғылымның бетін ашпағанымыз рас. Ал енді соңғы уақыттағы аса қызығушылығымның артып жүргендігін, өзімде бар тілдер арқылы түсіндіремін. 2007 жылы Массачусетс университеті зерттеу жұмысын жасап, мынандай тұжырымдама жариялаған: өз ана тілінен басқа өзге тіл игеретін балаларда, математикаға көп көңіл бөлмегеннің өзінде де математикалық қабілеттерінің артқандығы байқалған. Петровтан алған, кейін де өзім көп қолданып, сұхбаттарымда айтып жүрген:“Тіл үйрену – 50% математика, 50% психология”деген сөздің мәнісін осы жерде түсініп алуға болады. Тіл игеру – адамның миындағы құрылымдық және логикалық процесстерді үдетеді. Математикамкен ұштастырып тұрған да осы фактор. Ол бірақ сіз математиксіз, кез-келген есеп оңай соғады дегенді білдірмейді. Алайда, тілдер игерген соң математикамен шұғылданғыңыз келсе, миыңыздың икемділігі келіп тұрады.
3
ТЫҢДАЙ БІЛУ ҚАБІЛЕТІҢІЗДІ АРТТЫРАДЫ
Осы жазбаны жазушы адам ретінде, сіздерге өтімді болу үшін өз тәжірбиемнен мысалдар келтірудемін. Тілдер игеріп жүргеніме 10 жылдан аса уақыт болса, сол уақыттың ішінде осы бір қабілетімді шыңдадым дей аламын. Адамның сөзін тыңдай білу – оған деген құрметті көрсетеді және дұрыс коммуникацияның негізгі қағидаларынан. Ал енді бұл қабілеттің тіл игерумен қандай байланысы бар? Жаңа тіл игеріп жүрген адам сөйлесу барысында өзге тілде айтылған сөзді қате немесе мүлдем түсінбей қалмауы үшін, мұқият тыңдайды, айналасына құлақ салып жүреді. Ол нәрсе өз кезегінде сіздің эмпатияңызды дамытады. Эмпатия деген – сөйлесіп жатқан адамыңызға бәрін түсініп отқаныңызды эмоцияңызбен, түріңізбен көрсете білу.
4
ЗЕЙІН ҚОЯ БІЛУ ҚАБІЛЕТІҢІЗДІ АРТТЫРАДЫ (КОНЦЕНТРАЦИЯ)
Қандай да бір тіл оқып бастаған адам тек қана сөздер жаттап қоймайды, бәлки, сол жаттаған нәрсесін түсінуге тырысады. Ережені, сөйлем құрылымын түсінуге тырысу сынды дүниелердің бәрі адам бойында концентрация ұстай білу қабілетін шыңдайды. Егер ол жан жаққа алаңдай берсе, фокусы жоғалады да тіл игеруде алдыға жылжи алмайды.
5
ӨЗІҢІЗГЕ ДЕГЕН СЕНІМДІЛІГІҢІЗДІ АРТТЫРАДЫ
Адам баласы мақсат қойса және сол мақсатына жетсе, міндетті түрде өзіне деген сенімділігі арта түседі. Біз өзіміздің онлайн-курсымызда оқитын оқушыларға дәйім кеңес ететін бір нәрсе бар: жеңістің дәмін сезу үшін өзіңізге кішкентай тапсырмалар беріңіз. Сол тапсырмаларды орындау арқылы қандай да бір іске қауқарыңыздың жететіндігін көре бастайсыз. Ол сізге басқа да істерге кірісуге сенімділік береді. Мысалы, ыдыс жуыңыз, өз жұмыс столыңызды тазалап қойыңыз, кітап сөреңізді реттеңіз, далаға шығып есіктің алдын жинастырып қойыңыз. Сондай мардымсыз жетістіктер адам санасындағы жетістіктер тізбегін жалғап, өзіңізге деген сенімділікті арттырады. Ал тіл игеруші адамның жағдайында, өзге тілде бір адаммен 30 секунд үздіксіз диалог құра білуі – оған үлкен энергия береді. Келесі жолы ол 1,5 минут үздіксіз сөйлескісі келеді. 30 секунд сөйлесе алған адам, 1,5 минут та сөйлесе аларына сенеді. Солай минуттық көрсеткіш өсе береді. Бастысы сіз өзіңіз сол кішкентай жетістіктеріңізді есепке ала білу керексіз.
6
ҮЛКЕН МИ АУРУЛАРЫНАН ДА САҚТАУЫ МҮМКІН
Дененің саулығы үшін адам спортпен шұғылданады, денесін шынықтырады. Ми да тура сол секілді. Өзінің салауатты қалпын сақтап, адамға ұзақ қызмет ету үшін, мидың азығын, жаттығуларын беріп отыру қажет. Сондай жаттығулардың бірі – әрине тіл оқу. Медицина мамандарының айтуынша Альцгеймер ауруын да алдын алуға болады. Оның себебі, бірнеше тіл білетін адамдардың миында көптеген жүйке жолдары қалыптасып, біртекті ойлар мен шаблондардың қайта-қайта айналуын болдырмайды. Бұл ақпаратты интернет желісінен көріп қалып, келіскендіктен осында бөлісуді жөн көрдім. Қазақтың “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде”деген мақалы да осы орайда орынсыз емес. Арабтарда да: “الوقاية خير من العلاج”,- деген сөз бар. “Уиқоя” деп негізі “Профилактиканы” айтады. Мидың бір профилактикасы – тағы да тіл оқу.
7
ӨЗІҢІЗДІҢ АНА ТІЛІҢІЗДЕ ТЕРЕҢДЕЙ ТҮСЕСІЗ
Осыны оқып отырған әрбір бауыр, әпке-қарындасымды білімге ашық болуға шақырғым келеді. Өзінің қазақ тілінен басқа тіл білмегендігінің артына жасырынып, өзге орыс тілді қазақтарды кемсітіп, “Қазақ тілін қарық қылып алсаңдаршы” дейтін адамдар, әдетте өз тілін терең білмейтін жандар. Солай айтып жүрген көптеген қандастарымыз қазақша бір сөйлемнің құрылымын толық талдап бере алмауы мүмкін. Мен өзім қазақ тілін сүйемін, күнделікті өмірде қолданамын, осы тілде жазамын. Бірақ, бұл тілдің кереметтілігін өзге тілді игеріп, солармен салыстырып барып айқын көре алдым. Бір түрік “Қалайсың?” деген сауалға “İyiyim”, – деп жауап берсе, сол жердегі “İyi” сөзінің қазақтың “Игі”-сі екендігін, “İyilik” біздің “Игілік” екендігін тілдерді игермесек біле алмаған болар едік. Кезінде өз тіліңіздегі біржақты көрінген нәрсе, өзге қырынан ашыла түседі.
8
КРЕАТИВІҢІЗДІ АРТТЫРАДЫ
Тіл игеру – үлкен пазлды құрастырғанға ұқсайды. Өзге тілдегі бір үлкен сөйлемнің бірінші жартысын біліп, қалған бөлігін контекстіне қарап түсініп отыруыңыз мүмкін. Бір адаммен өзге тілде сөйлесіп жатқан кезіңізде миыңыздың креативі басқа деңгейде болады. Себебі сіздің миыңыз ыңғайсыз жағдайға түсіп қалмас үшін түрлі тіркестер, синонимдер іздеп кетеді. Ол өз кезегінде жасампаздылығыңызды дамытады.
9
МӘДЕНИ ТАНЫМЫҢЫЗДЫ КЕҢЕЙТЕДІ
Біз Шығыстанушы ретінде бірінші елдің тілімен қатар мәдениетін де қоса зерттейміз. Өзге мәдениет өкіліне өзіңдікін таныстырып, оларды танып, жер бетінде өзге де тіршілік иелерінің, халықтардың, ұлттардың, тайпалардың бар екендігін білу – таным көкжиегіңізді арттырады. Құдайдың хикметін білу үшін, әлемдегі түрлі ұлттарға қарауға болады. Сондай алуан-түрліміз, бірақ, бәріміз сондай бірдейміз. Осы сөзім туралы тереңірек ойланып көрерсіздер. Халықтар арасындағы негізгі байланыстырушы құралдардың бірі – тіл білімі. Мысырдың Синай түбегінде орналасқан Катрин деген қала арқылы өтіп, Мұса Пайғамбардың тауына көтерілдім. Өмірімдегі ерекше еске алатын тәжірбиелерімнің бірі деп те соны айта аламын. Түн. Ашық аспан астында, жұлдыздарға қарап, баяу қалыппен 3 сағат бойы көтерілдік тау шыңына. Жол бастаушы болып алдымызға шыққан сол жердегі тайпа өкілі, тау арасында туған бәдәуи жігіт мені қатты қызықтырды. Сол тауға шығуға келген адамдарға жол көрсетуші болып жүріп 15-тен астам тілді сөйлеу деңгейінде үйреніп алған. Туғанынан ешқайда шықпаған. Бірақ, сол жаққа келген адамдармен тілдесу арқылы, соларға жол көрсету арқылы әлемнің хабарын біліп отыр. Біз онымен орысша да, арабша да, ағылшынша да сөйлестік. Деңгейі адам қызығатындай.
10
ЖҰМЫС МҮМКІНДІКТЕРІНІҢ ДЕ ЕСІГІН АШАДЫ
Ең әуелі білетініміз – адамның ризығы тек бір Алладан. Аллаға тәуекел етіп, пенде себебін жасауы қажет. Бүгінгі жаһандану кезеңінде шекаралар ашық, халықаралық қатынастар дамуда. Статистика бойынша өз ана тілінен басқа 2 тіл білу, айлық табыс көрсеткішін кемі 10-15%-ға арттырады. Қазірдің өзінде жұмысқа қабылдау талаптарының ішінде міндетті түрде қосымша тіл білуді тізімге қосады.
11
САЯХАТТАУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІН АРТТТЫРАДЫ
Бұндай саяхат енді жай ғана саяхат болмайды. Сіз тілін білетін елге жасалатын саяхат болады. Ол кезде сіздің алатын әсеріңіз де ерекше болары сөзсіз. Айналаңыздағы түсінікіз дыбыстардың бәрі түсінікті сарынға ауысады. Сіздің шетелдік бейнеңізге қарап, өз тілдерінде сіз туралы бірнәрсе айтып жатса да түсініп тұрасыз. Ілгеріде Марокко Королдігінде оқуда болғанда бір күні сол жақтың шаштаразына бардым. Шаш қидырып отырған шағымда топырлаған еркектер өздерінің мен түсінбейтін диалектілерінде бірнәрсе айтып, маған қарап күледі. Мен намыстанып, фусхада (әдеби араб тілінде) дарылдап біраз нәрсе айтып тастаппын. Небәрі 18 жасар кезім. Қатты ренжіп, Құран аяттарын айтып, Құдайдан қорықпайсыңдар ма деп жібергем. Олардың диалектісін түсінбегеннен сондай эмоцияға жол бердім. Кейін арада біраз жыл өтіп, есейіп, ой өсіп, сана сергіді деп ойлаймын. 2 жыл бұрын Стамбулдан Бейрутқа ұшайын деп, әуежайда кезекте тұрғанда екі ливандық араб кісінің жанымда тұрып үстімдегі киімім туралы айтып жатқандығын түсініп қойып едім. Тіл білмейді деп ойлағаны сөзсіз. Жүздеріне қарап, күлімсіреп “أهلا و سهلا”, – деп ұялтып қойғаныммен мақтанайын.
12
ЖАҚСЫ ДОСТАР ТАБАСЫЗ
Әлем бойынша достардың болуы – ол да бір ғажап сезім. Ағылшын тілі арқылы АҚШ-та көрші тұрған ирландтық отбасы операцияға түсіп қалған кезімде госпитальға алып барып, кейін қайта алып кетіп, туыстық қамқорлық танытқан болатын. Әліге дейін Facebook желісі арқылы байланыстамыз. Біріккен Араб Әмірліктерінің Ра`с Әл-Хайма әмірлігінің белді шейх әулетімен достық қарым-қатынастамыз. Осы жылдардың ішінде Түркия, Орта Азия, Кувейт, Саудия, Мысыр, Европа, Ресей, Африка, Оңтүстік Шығыс Азия ж/е т.б. континенттерден, мемлекеттерден Алланың қалауымен көптеген достар таба білдік. Әлемді бір-бірімен жалғайтын осы біздер деп білемін.
Енді келешекте “Тіл үйреніп қайтемін” деген ой келсе, жоғарыда жазған артықшылықтарды естеріңізге алып көргейсіздер. Пайдалы болған болса пікір қалдырып, жақындарыңызға таратсаңыздар болады. Жақсылыққа нұсқаған – істеушінің сауабындай сауап алады.
Жазбамен WhatsApp, Telegram, Facebook желілерінде бөлісу үшін, төмендегі белгілерді пайдалана аласыз.