Каллиграфия – бір сөзбен айтар болсақ, әдемі жазу өнері. Араб каллиграфиясының дамуына бірден-бір түрткі болған негізгі фактор – Ислам дінінің келуіболды. Ислам дініндегі жанды жаратылыстардың бейнесін салуға тиым – жазудағы әсемдіктің дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Исламға дейінгі өзге кітап түскен дін өкілдері, кейіннен періштелердің, пайғамбарлардың бейнелерін сала бастағандығын жақсы білеміз. Бұл тұрғыдан Ислам дінінде қатал тиым бар.
Араб каллиграфиясын – Ислам каллиграфиясы деп те атайды. Себебі, жазылатын жазулардың барлығы дерлік Ислам дініне қатысты рәсімдер. Араб тілінде бұл өнер – “الخط العربي”/”Хаттуль-араби”деп аталады.
Қазақ тіліндегі“хат”сөзінің қайдан шыққандығын осыдан аңғара аламыз. “خَطَّ”/”хатта”етістігінің мағынасы – “жазу, сызу” дегенді білдіреді.
Ислам мәдениетінде жазудың, сызудың мән-мазмұны орасан зор. Білім алуда, білім таратуда негізгі қабілеттердің бірі болып табылады.
Араб каллиграфиясының мұсылмандар өмірінде ерекше орын алуының және бір себебі – қасиетті Құран Кәрімді мықты хаттаттар(каллиграфтар) қолмен жазып шығатын болған.
Бір қарағанда каллиграфия өнері оңай көрінуі мүмкін. Алайда оның өзінің оқуы болады. Ең мықты каллиграф кемінде 8 жыл білім алуы керек. Каллиграфтың өзінің арнайы қаламы, сиясы болады. Исламның 14 ғасырлық тарихында каллиграфия өнері де бірге дамыды.
Аймақ атауларына қарай, қолданылған аясына қарай, араб каллиграфиясы түрлі салаларға бөлінді. Исламның алғашқы ғасырларында 4 түрлі каллиграфиялық жазу түрінің болғандығы келеді тарихи жазба-деректерде: меккелік, мединалық, басралық, куфалық(الفهرست في أخبار العلماء المصنفين من القدماء والمحدثين وأسماء كتبهم، ابن النديم). Осы төртеуінің ішінде аса танымалы – куфалық стиль.
Куфалық стиль – әдетте тез жазу мүмкін емес жерлерде қолданылады. Геометриялық түзулікті талап етеді. Тез жазу мүмкін емес дегенді қалай түсіне аламыз? Яғни, ғимараттардың сыртына жазылатын болса, ол жерде көлбеу хәлде жазу қиындық тудырады. Сондықтан осы куфалық стильмен, түзу сызықтар арқылы безендірілетін болған. Бүгінде Microsoft Windows қәріптерінің ішіндегі Андалуси деп аталатын түр, осы куфалық стильден алынған.
Куфалық түрден кейінгі екінші, бүгінгі таңда араб жазу өнерінің ең танымал түрі – “الخط النسخ”/”Хаттун-насх” немесе қысқаша “насх” стилі. Араб тіліндегі “نَسَخَ”/”на-са-ха” етістігі “көшіру, көшіріп жазу” деген мағыналар береді. Қазақ тіліндегі “нұсқа” сөзі мен осы “насх” атауының шығу түбірі бір. Біздің қазақ мәдениетіміз осындай дәрежеде Ислам мәдениетімен байланысты. Насх стилін стандарт стиль деп айта аламыз. Бүгінде араб тілінде басылып шығатын кітаптар, газет-журналдардың барлығы дерлік осы стильде жазылады.
Насх стилінен кейін “رقعة”/”руқ`ә” стилі бар. Әдетте бұл стиль қолмен жазған кезде тез-тез жазу үшін шығарылған. Сызықтар бір-бірімен байланысып, жалғанып кете береді. Өзін сауатты санайтын араб тілін меңгеруші әр адам, осы екі (насх және руқ`ә) жазу стилін жақсы білу керек делінеді.
Араб каллиграфиясында тек қана әсемдік үшін, ғимараттарды безендіруге ғана қолданылған жазу түрлері бар. Солардың бірі “الخط الثلث”/”хаттус-сулус” н/е “сулус”. Араб тілінен аударғанда “1/3” мағынасын береді. Оның үштен бір деп аталуының себебі – түзу және қисық сызықтар 1/3 пропорциясымен жазылады.
Сулус стилінен келіп шығатын “الخط المحقق”/”хаттуль-мухаққақ” стилі бар. Мухаққақ стилі сулуске өте ұқсайды. Алайда ол жерде негізгі 1/3 пропорциясы бұзылып, горизонталды сызықтар созыла түседі.
Кейінгі ғасырларда, араб жазба өнерін үйренген, Ислам дініндегі өзге де халықтар өзіндік жазу стильдерін ойлап табатын болған. Солайша османлы дәуірінде “ديواني”/”диуани” стилі пайда болады. Әріптердің жазылуы өте тығыз, дөңгелекше келген формада, оқуға өте қиын түр. “Диуан” деген Ислам халифаты кезінде ең жоғарғы заң атқарушы құрылым болған. Араб каллиграфиясындағы бір жазу стилінің диуани есімімен пайда болуы – құрылымдар арасында құпия хат алмасу үшін қажет болған. Міне нағыз шифр. Бұл жазба түрін бүгіннің өзінде оқу қиындық тудырады.
Араб графикасын пайдаланатын, алайда өзіндік төл әріптері бар Иран және Пәкістан аймақтарында “نستعليق”/”нәстәлиқ” жазу стилі кең тараған. Нәстәлиқ – насх және тәлиқ деген екі жазу стилінің қосындысы. Араб тілінен “تعليق”/”тә`лиқ” сөзін аударатын болсақ “ілінген” деген мағына береді. Иран жері арабтармен жауланып, Ислам мәдениетінің ықпалына ұшырағаннан кейінгі пайда болған жазу стилі. Нәстәлиқ жазу стилі де өте күрделі жазу түрлеріне жатады.
Нәстәлиқтің “شكسته”/”шекаст” деп аталатын түрі бар. Бұны енді парсылардың модификациясы дей аламыз. Парсы тілінен аударғанда “шекаст” сөзі “сынған” деген мағына береді. Себебі жазу түрі сынған әйнектің қалдықтарына ұқсайды. Мемлекеттік құжаттарды тез жүргізу үшін, қолдың жазу бағытына ыңғайлы етіп, осы жазу түрін шығарған.
Парсылардың араб каллиграфиясын сондайлық меңгеріп, өздеріне сіңіріп алғандығынан, парсы каллиграфиясы деген атау кең таралған (خوشنویسی فارسی). Сәйкесінше Персия тарихында парсы каллиграфиясының алатын орны ерекше.
Менің өзім бакалавр студенті болған кезімде, Ираннан келген, 8 жыл парсы каллиграфиясын оқыған хаттат маманмен, арнайы “مقدمه ای بر خوشنویسی فارسی”/“Парсы каллиграфиясына кіріспе”атты курсты тәмамдаған болатынмын. Өмірімдегі араб-парсы каллиграфиясымен қызығу – шығыс тілдерін оқып жүргенімнің екінші жылында басталды. Араб елдеріне барған кезде арнайы қаламдарын, сиясын өзіммен бірге елге көтеріп келіп, миымды тынықтырып, ақ парақтың бетіне жазулар жазып көруге тырысатынмын. Қол үшін де, ми үшін де жақсы жаттығу деп білемін.
Авторы: Арсен Шәди
Жазбамен WhatsApp, Telegram, Facebook желілерінде бөлісу үшін, төмендегі белгілерді пайдалана аласыз.