МЕН IELTS-ҚА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛДЫМ?

IELTS – International English Language Testing System (Халықаралық ағылшын тілінен тестілеу жүйесі).Ана тілі ағылшын тілі болып табылмайтын адамдар үшін ағылшын тіл білімінің деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін, әлемде мойындалған, ең беделді тестілеу жүйесі. Тестілеу 4 категориябойынша жүреді: Listening (тыңдау), Reading (оқу), Writing (жазу), Speaking (сөйлесу).

Шетелдік университетке тапсыруға, шетелдік жақсы компанияда жұмыс жасауға, шетелдік тәжірбие алмасудан, біліктілікті арттырудан өтуге немесе ағылшын тілінде сөйлейтін (Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия) елдерге қоныс аудару үшін талап етілетін негізгі құжаттардың бірі ретінде – осы IELTS нәтижесі сұралады.

Қазақстанда IELTS тек 2 жердетапсырылады: 1. British Councli; 2. InterPress.

Тапсырып болғаннан кейін сізге сертификат беріледі (қандай нәтиже көрсетсеңіз де). Ол сертификаттың жарамдылық мерзімі 2 жыл.Сертификат – әлемнің 145 елінде ресми жарамды.

Бүгінде IELTS тестін екі түрлі жолментапсыруға болады:

  • Paper-based;
  • Computer-delivered.

Екеуінің айырмашылығы неде?

Paper-basedтүрінде Listening, Reading, Writingсекциялары парақ түрінде беріледі. Арнайы жауап жазуға арналған “Answer sheet”парақшасы болады.

Listening (тыңдау)– 4 бөлімнен тұрады. Аудио-таспалар бір мәртеден ғана тыңдатылады. Жалпы саны 40 сұрақ беріледі. Алдыңыздағы қағазға жауаптардың барлығын белгілейсіз. Аудио-таспалардың ойнатылуы шамамен 30 мин. уақытты алады. Қалған 10 мин. уақыт жауаптарыңызды жауап қағазына алмастыруға жұмсалады (ҰБТ-дағыдай).

Reading (оқу)бөлімінде 3 мәтін беріледі. 3 мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беруге 60 мин. уақытыңыз бар. Сұрақтар саны – 40. Мәтіндер оңайдан басталып сәйкесінше қиындай береді. Бұл бөлімде Listeningбөліміндегідей жауаптарды жауап қағазына өткізуге қосымша уақыт берілмейді. Барлығын жалпы уақыт ішінде үлгеру қажет боласыз.

Writing (жазу)бөлімінде 2 эссе жазу керек. Бірінші эссе кемі 150 сөзден құралуы шарт. Екінші эссе кемі 250 сөзден тұруы қажет. Бұл бөлімге де сізге 60 мин. уақыт беріледі.

Computer-deliveredтүрінде жоғарыдағыдай парақ болмайды. Барлығын компьютерде тапсырасыз. Бірақ, қатаңдық, тексерістің барлығы да бірдей. “Читерство”, “Шпор қарау” сынды дүниелерге жол бермейді. Экзаменаторлар ары-бері қадағалап жүреді. Егер ұсталсаңыз, шығарып жібереді. Ақшаңыз босқа күйіп кетеді. Сондықтан тыңғылықты дайындалып, біліммен кірген жөн. Егер компьютермен дос болсаңыз, тез тере білсеңіз, сол формат ыңғайлы деген болар едім. Менің жағдайымда солай болды (компьютермен тапсырдым).

Жалпы тесттің форматымен таныстырып болдым деп ойлаймын. Енді, мен қалай дайындалдым, сол туралы жазамын.

Өзіме дайындық үшін тек 1 ай арнадым. Асылында ол аз уақыт. Алайда егер өзіңіздің ағылшын тіл біліміңізді жоғары бағаласаңыз, 1 айда дайындалу мүмкін нәрсе. Солайша мен алдын-ала тесттің құнын өтеп (мен тапсырған кезде Academic IELTS құны 64,000₸ болды), күнін белгілеген болатынмын. Сонда нақты бір ай ғана уақыт болды. Тесттің құнын төлеп қойған соң да артқа жол болмайды.

Бүкіл Listening, Reading, Writing-ке қатысты IELTS кітапшаларының соңғы нұсқаларын тауып, парақ жүзінде шығарып алдым. Speaking-ке қатысты қандай сұрақтар, тақырыптар бар, оларды да топтастырдым. Алайда, Speaking бөліміне аса қатты дайындалмадым. Себебі, сөйлеу жағынан тым қиындық болмасына сендім.

Ақшам намазының уақытынан кейін (күн батқан соң) кешкі ас ішіп, ұйқыға кететінмін. Сосын түннің ортасында, таң намазына дейін оянамын. Сонда негізгі ұйықтау керек фазаны ұстап, миымды жақсы тынықтыра алатынмын.Түнгі құлшылықтарды орындап болған соң, IELTS-тің Listening бөлімі мен Writing бөлімін уақыт тағайындап қойып, арнайы кітапшамен орындайтынмын.

Таңғы сағат 10:00-11:00 шамасында бір кісімен келісіп, бірге жаттығатынбыз. Ол адам өзі IELTS бірнеше мәрте тапсырған, содан қосымша сабақ беретін, өз нәтижесі 8,0 балл етін. Маған ол кісіден Writing-тен көмек керек болатын. Себебі, мен үшін қиын бөліктердің бірі – сол секция.

Ол кісімен күніне 1,5 сағат дайындалып, үйге келіп, міндетті түрде түскі ұйқы жасайтынмын. Түскі ұйқы – Ислам дініде сүннет амалдардың қатарында келеді.Ал сүннеттегі амалдардың хикметі, пайдасы өте зор. Қандай да бір дүниелік мақсаттарға жету жолында талпынып жүрген кезде, рухани аспектілерді қалыс қалдырып қоймау қажетдеген болар едік.

Түскі ұйқыдан тұрғаннан кейін кішкене бой сергітіп, YouTube-тан Speaking бөлімін тапсырған адамдардың толық сұхбаттарын қарап, солардың бәрін сөзбе-сөз Word-қа теріп шығатынмын. Бір ескеретін жәйт, Speaking-тан тек жоғары балл алған адамдардың ғана сұхбаттарын тыңдаңыздар. Егер де төмен балл алған адамдардың сұхбатын тыңдап, олардың сөздерін жазар болсаңыз, қателерін де көшіріп жазып алған боласыз.

Олардың сұхбаттарын сөзбе-сөз жазып алғандағы пайдалардың бірі – дайын сөз тіркестерін, сөздерді орын-орнымен қолдануды, ойды дұрыс жеткізуді үйренесіз.

Одан кейін IELTS-тің арнайы академиялық сөздік қоры бар:access, accurate, achieve, acquire, analyse, aspect, assist деген сынды сөздермен өмірінде бір рет болсын осы тестке дайындалған адамдар таныс болса керек. Бұл сөздердің толық тізімін оңайлықпен интернет желісінен таба аласыздар. Кешкі уақытта осы сөздердің 10-15 шақтысын пысықтап, сөйлемдер құрап, жаттайтынмын.

Осылайша бір күнде IELTS-тің бүкіл 4 бөлімін қамтып шығып отырдым. Жүйенің болуы және сол жүйемен жүріп отыру маңызды. IELTS-қа дайындық кезінде дәстүрлі садақ атудан жаттығуға барып жүрдім (ол да сүннет амал). Осындай миға салмақ салатын, интеллектуалды қысым кездерінде, қосымша бой сергітетін бір істеріңіздің болуы қажет.Себебі тек қана оқумен шұғылдану – адамды зорықтырып жіберуі бек мүмкін.

Осындай жүйемен, бір айлық дайындықпен IELTS-тан 7,5 балл алдым(ең жоғары балл 9,0). Әр бөлім жеке бағаланады және соның ортақ нәтижесі шығады. Менде:

Listening (тыңдау) 8.0

Reading (оқу) 8.0

Writnig (жазу) 6.5

Speaking (сөйлесу) 7.0

Overall (барлығы) 7.5

Мамандардың айтуынша Listening және Reading бөлімдері өте оңай, сондықтан сол екі бөлімде максимумды сығып, жоғары балл алып қалуға барынша әрекет ету керек. Ортақ нәтижеге үлкен әсерін тигізеді. Writing бөлімінде сөздердің қатесіз жазылуына, сөйлемдердің құрылымына ж/е сөз мөлшеріне мән беріледі. Speaking бөлімінде сіздің ойыңызды еркін жеткізуіңізге, қобалжымауыңызға, тақырыпты аша білгендіңізге қарайды.

Мен өз нәтижеммен бөлісіп, осы жазбаны жазудағы мақсатым – енді тапсырайын деп жүрген немесе болашақта тапсыруды көздеген адамдарға бағыттаушы, жол көрсетуші болсақ екен дейміз.

IELTS – асылы бір ай қалғанда дайындалып, апыр да топыр өтіп кете салатын нәрсе емес. Оған дейінгі жүріп өткен жолыңыз маңыздылыққа ие. Егер қазір мектеп оқушысы болсаңыз, өз келешегіңізді халықаралық қатынастар бағытында елестетсеңіз, ағылшын тілін дұрыс меңгеруді қолға алыңыз. Басқа қандай да бір мамандықтың өкілі болыңыз, мейлі, ағылшын тілін жетік білу – мүмкіндіктерді кеңейте түседі. Дін саласының маманы болсаңыз да, ағылшын тілін білу еш артық емес. Қосымша ақпарат көздерін өз бетіңізше ашып қарай аласыз, әлем мұсылмандарымен байланыса алатын боласыз.

Мені анам 10 жасымнан тілдік курстарға беріп, бала кезден осы нәрсеге бейімдеді. Бір маусымда Beginner мен Elementary деңгейлерін Successfully тәмамдап, келесі маусымда Pre-Intermediate, одан кейінгі маусымда Intermediate деңгейлеріне жеткен болатынмын. Бүкіл емтихандарды Successfully жауып, мектеп бітірерде үзілді-кесілді ағылшын тілін таңдап, Халықаралық қатынастар мамандығына түсемін деп бел будым.

Университетке қазіргі мамандығыма түскен кезде, ағылшын тіліндегі сабақтарда көп қиындық көрмейтінбіз. Ағылшын тілін білетін оқушылардың ағылшын тілін білмейтін оқушыларға қарағанда әлемдік ақпараттарға қолжетімділігі жоғары болатын.

Университетті (бакалавр) бітіргенде ағылшын тілі деңгейім Upper-Intermediate болды. IELTS алғаннан кейін ол көрсеткіш Advanced болып өзгерді. Қазіргі таңдағы ағылшын тіліндегі активті сөздік қорым – 8000 сөзді құрайды.

Егер университетке енді түскен болсаңыз, сабақтарыңызды жақсы оқыңыз. Университеттің ұсынатын қосымша Speaking Club сынды мүмкіндіктері болады. Соларды пайдаланып, уақытыңызды бос өткізбеуге тырысыңыз. Менің өзге шығыс тілдерін оқуым, басқа де шет тілдеріне, ана тіліме ешқандай зиянын тигізген жоқ. Керісінше, ана тіл білімім, шет тілдер білімім күшейе түсті.

Ағылшын тілін білетін адамдарды көрсеңіз сөйлесуге ұялмаңыз. Абай атамыз оны надандықтың ұяты деп айтады. Студент кезде қателесіп қалыңыз. Сөйлемеген адам қателеспейді. Алайда студенттік шақта сөйлеп, қателесіп, қателеріңізді туралап алыңыз.

IELTS-тан жақсы балл алудың бірден-бір жолы –ағылшын тілін жақсы оқу.Ол нәрсе тек IELTS-тан жақсы балл алу үшін ғана емес, өзіңіздің өмірлік қамыңыз.

IELTS нәтижесін қолдан жасатып ала алмаймыз н/е сатып ала алмайсыз. Жақсы нәтиже үшін оқу керек. Келешек бүгіннен бастау алады.

Осы жазбамыз сіздерге пайдалы болды деп сенеміз. Егер де пайда алсаңыз астына пікір қалдырып, әлеуметтік желі парақшаларыңызда таратсаңыздар.

Авторы: Арсен Шәди

Жазбамен WhatsApp, Telegram, Facebook желілерінде бөлісу үшін, төмендегі белгілерді пайдалана аласыз.

1 комментарий к “МЕН IELTS-ҚА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛДЫМ?”

Добавить комментарий для Нұрбек Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх